Оңтүстік Қазақстан облысының делегациясы Мәскеудің тұтыну нарқы департаментінің басшылығымен кездесті

МӘСКЕУ. Наурыздың 3-і. ҚазАқпарат /Нарымбек Ысмағұлов/ - Қазақстандық жеміс-көкөніс өнімдерін өткізудің нарығын кеңейту аясында Оңтүстік Қазақстан облысының делегациясы Мәскеуде болып, тұтыну нарқы департаментінің басшылығымен және жергілікті кәсіпкерлермен кездесу өткізді. Кездесу Қазақстанның Ресейдегі Елшісі Зауытбек Тұрысбековтің бастамашылығымен өтті және ондағы мақсат екі ел арасындағы сауда-экономикалық қарым-қатынастарды одан әрі дамыту болды.

Делегация құрамына «Оңтүстік» әлеуметтік-кәсіпкерлік корепорациясы төрағасының орынбасары Серік Тұрбеков, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Қанат Ыдырысов, Қазақтың Мақта шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының директоры Ибадулла Үмбетбаев, аймақ агрофирмалары мен фермерлік шаруашылықтарының басшылары кірді.

«Мәскеулік департаменттің басшылығымен және жергілікті кәсіпкерлермен болған кездесудің барысында жақында Мәскеу мэриясы мен Оңтүстік Қазақстан әкімдігінің арасында қол қойылған Ынтымақтастық туралы меморандумның аясында Мәскеуде оңтүстікқазақстандық өнімдер жеткізу мәселесі талқыланды. Бұл іс-шара - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауында агроөнеркәсіптік кешеннің өнімділігін арттыру және отандық өнімдерді шетелдік нарықтарға шығару жөніндегі міндеттерді жүзеге асырудың мысалы», делінген елшіліктің хабарламасында.

Елші оңтүстікқазақстандық делегациямен бірге егін шаруашылығы жабдықтарының тәжірибелік зауытында болды, «Моссельхоз» кәсіпорнының бас директоры, Мәскеу мэрінің кеңесшісі Евгений Воловикпен кездесті, мәскеулік көкөніс базарларын аралады және қойма жайларымен танысты.