Оңтүстік Қазақстан облысының өнімдері Мәскеуге экспортталатын болады

МӘСКЕУ. Ақпанның 22-сі. ҚазАқпарат /Нарымбек Ысмағұлов/ - Оңтүстік Қазақстан облысының көкөніс өнімдері Мәскеуге экспортталатын болады.

Осы көкөніс өнімдерін жеткізіп беру саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға Мәскеу үкіметі мен Ресей кәсіпкерлері делегациясының Қазақстанға сапары барысында қол қойылды. Бұл жөнінде ҚР-ның РФ-дағы Елшілігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Аймақтың ауыл шаруашылығы әлеуетімен танысу мақсатындағы сапар Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Зауытбек Тұрысбековтың басшылығымен өтті.

Қонақтар Сайрам, Сарыағаш және Мақтаарал аудандарының, Қазақ мақта шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының аграрлық кәсіпорындары мен фермерлік шаруашылықтарында болды. Мәскеу мэриясы мен Оңтүстік Қазақстан облысының әкімдігі арасында Мәскеуге көкөніс өнімдерін жеткізіп беру саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Сонымен қатар, Мәскеу мэрі Юрий Лужковтың бастамасымен Оңтүстік Қазақстан облысында биоконтейнерлерде көкөністерді өсіру бойынша ілкі жоба жүзеге асырылатын болады.

Жобаны іске асыру Ресей үшін де және Қазақстан үшін де тиімді болмақшы.