Оңтүстік Қазақстан жігіттерінің сұлтаны анықталды
Елбасы Н. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында ұйымдастырылған байқауда сыры мен сымбаты, бойы мен ойы келіскен, сегіз қырлы бір сырлы, сайдың тасындай жігіттер бағын сынады. Үміткерлер «ширату» кезеңінде үй шаруасына ептіліктерін сынап, жан-жақтылығын байқатты.
Кейін Шәмші Қалдаяқов атындағы филармонияда сайыстың екінші кезеңіне қатысты. Онда сайысқа бел буып, талаптың тұлпарына мініп келген жігіттер 3 бөлім бойынша бақтарын сынады.
Қазылар алқасы құрамында ақын-сазгер Әбдіқалық Әбдіраймов, «Түркістан» сарайының директор орынбасары, Көкшетау қаласында өткен республикалық «Жігіт сұлтаны-1995» байқауының бас жүлдегері Құрмаш Жылқыбай мен қолданбалы өнер шебері Мұхтар Атахан қазылық етті.
Байқау қорытындысымен жеңімпаздар анықталып, нәтижесінде Арыс ауданынан келген үміткер 3-ші орынды иеленсе, отырарлық ер азамат 2-ші орынды жеңіп алды. Ал Сарыағаш ауданынан келген қатысушы 1-ші орынға лайық деп танылса, бас жүлде Ордабасы ауданынан келген сері жігітке бұйырды. Байқаудың барлық қатысушылары мен жүлделі орын иегерлеріне марапаттаулар мен қаржылай сыйлықтар тапсырылды.