Оңтүстік Қазақстанда 729 Ауғанстан азаматы заңсыз жүрген - Бас прокуратура

АСТАНА. Қарашаның 12-сі. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Қазақстанға шеттен келетін мигранттар саны толастар емес. Өкініштісі, олар еліміздің аумағына тиісті заңдар мен талаптарды бұза отырып, кіруге ұмтылуда.

Елімізге заңнан тыс келу әрекеттерінің ең көп тараған түрі - арнайы визамен іссапарға келіп, осында ұзақ уақытқа тұрақтап қалу. Бұл мәселе жөнінде бүгін журналистермен болған апталық брифингте Бас прокуратураның ресми өкілі Нұрдәулет Сүйіндіков мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның сөзіне қарағанда, прокуратура қызметкерлері аталған мәліметтерді арнайы тексерулер барысында анықтаған. «Соңғы уақытта елімізде еңбек нарығын қорғау мақсатында және республикаға шет елдерден жұмыс күшін тартуға қатысты Үкімет тарапынан арнайы квота белгіленді. Дегенмен өзге де бірқатар шектеу шараларына қарамастан елімізге сырттан жұмыс күшін тарту әрекеттері жалғасуда», деді ресми өкіл.

Оның айтуынша, шетелдіктердің елімізде тұрақтап қалуына ішкі істер органы қызметкерлерінің Қазақстанға визамен келген шетелдік азаматтардың мемлекетте болу мерзімін заңға қарсы ұзартып беру әрекеттері себеп болып отыр. «Мысалы, Оңтүстік Қазақстан облысында 729 Ауғастан азаматына заңға қайшы іскерлік виза берілген. Мұндай әрекеттерден еліміздің қорғаныс саласы да ада емес болып шықты. Маңғыстау облысындағы әскери бөлімшенің аумағындағы жатақхана құрылысын жүргізуге «Танеко» серіктестігі 78 Өзбекстан азаматын тартқан. Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлер институтында да Өзбекстанның 9 азаматы жұмыс істеп келіпті. Ал Атырау облысының әскери гарнизонының құрылысында 3 өзбекстандық ішкі істер органдарында тіркелмей-ақ еңбек етіп жүрген», деді Н.Сүйіндіков.