Оңтүстік Қазақстанда алғаш рет ешкі сүтінен өнімдер шығарыла бастады
Оңтүстік Қазақстан облысында алғаш рет тәулігіне 3 тонна ешкі сүтін өндіруге және 24 тонна сүт өңдеуге қауқарлы «Асыл тұқымды шаруашылық. Жаңадан ашылған шаруашылықтың жұмысымен танысқан облыс әкімі Жансейіт Түймебаев аталған кәсіп түрін дамытудың жолдарын талқылады. Ешкі сүтінің адам денсаулығына пайдасы мол екенін айтып, атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын берді.
Жұмыстың барысымен таныстырған серіктестік төрағасы Жеңіс Тоғызақбаев өндірістік кооперативтің іске қосылған бірінші кезеңінде сауын цехы мен сүт өңдеу зауытының және жем-шөп жинау ғимаратының құрылысы аяқталғанын мәлім етті.
Сондай-ақ, Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Ж.Түймебаев Ордабасы ауданына жасаған жұмыс сапары барысында бұдан бөлек, «Байдаулет» өндірістік жылыжай кешенінде болды. Негізі 2014 жылы қаланған жылыжай қияр мен қызанақ өндіруге бағытталған. Алғашқыда 0,5 гектар аумақ жерден басталған кешен, бүгінде ауқымы кеңейіп 2,5 гектарға жеткен. Мұнда 9 жұмысшы жылына 60 тонна өнім өндіріп келеді. Жобаның жалпы құны 15 млн. теңгені құрайды. Қожалық директоры алдағы уақытта өнім көлемін 700 тоннаға дейін жеткізіп, дайын тауарды Алматы, Қарағанды қалаларына жөнелтуді жоспарлаған.
Жұмыс барысымен танысып шыққан өңір басшысы, сала басшыларына аудандағы жылыжай шаруашылығын жандандыруды тапсырды.
«Оңтүстік өңірі ауыл шаруашылығына өте қолайлы аймақ. Осыны тиімді пайдалануымыз керек. Әсіресе, заманауи технологиялардың көмегімен жылыжай шаруашылығын мықтап қолға алсақ, өнім сапасы мен көлемі артатын болады. Сондықтан да осы мәселені аудан, қала басшыларына үнемі айтып келемін», - деді Жансейіт Түймебаев.