Оңтүстік Қазақстанда асыл тұқымды шошқа өсіретін кешен пайдалануға берілді

None
ШЫМКЕНТ. Қарашаның 26-сы. ҚазАқпарат /Татьяна Пылаева/ - Оңтүстік Қазақстан облысында асыл тұқымды шошқа өсіретін кешен пайдалануға берілді,

 деп хабарлайды «Оңтүстік» ӘКК баспасөз қызметі.

«Ордабасы» кешенінің құрылуы бұдан үш ай бұрын басталды, енді жарты жылдан кейін малшылар алғашқы төл - 4 мыңға тарта торай алғалы отыр. «Мұнда қазір асыл тұқымды 552 мегежін және 33 қабан бағып күтілуде. Оңтүстік аймақтағы бұл асыл тұқымды кешен - ең ірі және келешегі зор, ол ішкі нарықты импорттан елеулі түрде қорғайды», - делінген баспасөз баянында. «Оңтүстік» ӘКК мәліметтері бойынша, бүгінде Қытайдан Қазақстанға қазақстандықтар тұтынатын шошқа етінің 65 пайызы жеткізіледі. Бұл өнімнің құнына едәуір әсер етуде.

Кешен он екі жыл бойы қаңырап тұрған бұрынғы шошқа фермасының базасында құрылды. «Оңтүстік» ӘКК қаржылық қолдауымен жөндеу жүргізілді, жабдықтар, асыл тұқымды мал, құрама жем  сатып алынды. Онда 9 шошқа қорасы, 3 зертхана, әкімшілік ғимараты, жемшөп цехы, су жинайтын мұнара бар. Ферманың жалпы ауданы 14,2 гектар, болашақта мұнда өндірісті кеңейтуге болады.

Кешен басшылығы келесі жылы мал басын 10 мың басқа жеткізуді жоспарлап отыр. Болашақта өнімдер Ресейге экспортталмақ.