Бүгінде облыстың газ құю бекеттерінде көгілдір отын 2017 жылдың басындағы жағдаймен салыстырғанда 7 теңгеге арзандап, 59-60 теңгені құрады.
Айта кетейік,өткен жылдың салыстырмалы кезеңінде Энергетика министрлігі тарапынан Оңтүстік Қазақстан облысына 4000 тонна көлемінде сұйытылған мұнай газы бөлінген. Бұл облыстың сұранысын толық қамтамасыз етпей, сұйытылған газ бағасының едәуір жоғары деңгейде қалыптасуына алып келген болатын.
Еске салайық, ҚР 2012 жылғы 9 қаңтардағы «Газ және газбен жабдықтау туралы» заңымен республикада газ және газбен жабдықтау саласында мемлекеттік реттеу енгізілген. Аталған заңға сәйкес, Қазақстан Республикасының ішкі нарығының сұйытылған мұнай газына қажеттіліктерін қанағаттандыру мақсатында ҚР Энергетика министрлігі Үкімет белгілеген тәртіппен, ішкі нарыққа жеңілдетілген бағадағы сұйытылған мұнай газын беру жоспарын бекітті.
Бүгінде Оңтүстік Қазақстан облысында 27 мыңнан астам автокөлік сығымдалған газ пайдаланады. Ал автогаз құю бекеттерінің саны 240 бірлікке жетіп отыр. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 2 есеге көбейген. Күніне облыс бойынша шамамен 20 автокөлікке газ қондырғысы орнатылады.