Оңтүстік Қазақстанның кеденшілері жасырын бақылайтын камераларды шеттен әкелудің жолын кесті
Бұл туралы Оңтүстік Қазақстан облысы Кедендік бақылау департаменті экономикалық қылмысқа қарсы күрес және оны тергеу бөлімінің бастығы Жақсылық Рүстем хабарлады.
«Үрімжі-Шымкент» бағыты бойынша ұшып келген Шымкент қаласының тумасы, ҚР азаматының жүгін жеке тексеру барысында құпия жолмен ақпарат алуға арналған төрт техникалық зат табылды. Өзінің түсініктемесінде тауарды тасымалдаушы автоқалам мен автокөліктің белгі беру- пультіне жасырылған жасырын камераларды Қытай Халық Республикасы аумағынан алғанын атап көрсеткен», - деді Ж.Рүстем.
Ж.Рүстемнің айтуынша, мамандар жүргізген сараптама қорытындысы тексерілген төрт техникалық бұйымның үшеуі құпия ақпарат алуға арналған зат екенін көрсеткен. Яғни ол міндетті түрде лицензия алуы керек. Осы факт бойынша «Құпия ақпарат алуға арналған арнайы техникалық заттарды заңсыз жолмен жасау, өндіру, сату және сатып алу» туралы ҚР Қылмыстық кодексінің 143 бабы 3 тармағына сәйкес қылмыстық іс қозғалды.