Оңтүстік Қазақстанның құтқарушылары шығыс өңірге көмекке жіберілді
«ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы генерал-майор В.Беккердің тапсырмасына сәйкес, апаттық-құтқару және басқа кезек күттірмейтін жұмыстарды жедел жүргізу үшін «ОҚО ТЖД жедел-құтқару жасағы (Шымкент қ.» ММ-ның жеке құрамында 10 адам және ОҚО ТЖД «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі» ММ-ның жеке құрамында 16 адам, 30 мотопомпа) бүгін межелі жерге Шымкент қаласының әуежайынан ұшты», деп хабарлайды ОҚО ТЖД мемлекеттік тіл және ақпарат тобы.
Мәлімет бойынша, Оңтүстік Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы азаматтық қорғау полковнигі Н.Дербисов жедел топтарды қалыптастыруға тікелей басшылық жасап, авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік техникасын сақтау бойынша әрбір құтқарушымен жеке нұсқау өткізді.
«Күннің күрт жылынуына және қар суының қалыптасуына байланысты Глубоковское ауданында оншақты тұрғын үй мен аула учаскелерін су басқан. Сондай-ақ, Шемонаиха ауданында Уба өзенінде мұздың ерте жүруіне байланысты кептеліс пайда болды. Аудандық азаматтық қорғау қызметінің барлық күш және құралдары күшейтілген режимде жұмыс атқаруда. Шығыс Қзақстан облысының осы екі ауданында жергілікті көлемдегі төтенше жағдай жарияланып қойған» делінген хабарламада.
Сондай-ақ, еліміздің шығыс өңіріне көмек көрсету үшін және көктемгі мезгілдегі ТЖ-ға тиімді төтеп беру үшін басқа аймақтардан қосымша күш жұмылдыру туралы басшылық тарапынан шешім қабылданған.