Оңтүстік Қазақстанның өнерпаздары Түркияда өнер көрсетуде

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы мен Қазақстан мен Түркия арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың 25 жылдығы аясында Түркия мемлекетіне Оңтүстік Қазақстан облысының өнер майталмандары аттанды.


Басты мақсат қос ел арасындағы қарым-қатынасты нығайту мен ортақ мәдениетті қалыптастыра отырып, әдеби, рухани құндылықтарды дәріптеу, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.  

XVIII «Халықаралық Рамазан» фестивалі аясында  Түркияның бас қаласы Анкараның Кечиөрен ауданында жыр алыбы Жамбыл Жабаев атындағы көшенің салтанатты ашылу рәсімі және «Қазақстан кеші» концерті өтті. Мемлекетаралық маңызды шараға Оңтүстік Қазақстан облысынан 42 делегат аттанды. Олардың қатарында ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, Шәмші Қалдаяқов атындағы облыстық филармония әртісі Сабираш Әбдірайымова, ҚР Мәдениет қайраткері, әнші Абылайхан Оспанов, ҚР Мәдениет қайраткері, облыстық опера және балет театрының солисті Марат Оразметов, ҚР Мәдениет қайраткері, облыстық опера және балет театрының солисті Үралхан Сейлібекова, ҚР Мәдениет қайраткері,  «Қазына» би ансамблінің көркемдік жетекшіcі Зәуре Әжібекова сынды көптеген мәдениет майталмандары бар.

Түркиядағы Қазақстан кешінде  дәстүрлі әндер мен қазақ-түрік әндерінен попуррилер орындалса,  «Қазына» би ансамблі еліміз мəдениетін би өнерімен паш етті. «Тұмар» фольклорлық ансамблінің сазды өнері де қос елдің мереке думанын асқақтатты.

Арнайы аттанған өнер делегаттары Түркия мемлекетінің Анкара, Адана, Мерсин, Ыстанбұл қалаларында концерттік бағдарлама ұсынады деп күтілуде.