Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов Оңтүстік Корея Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі Ку Хонг Сокты қабылдады. Тараптар кездесуде екі ел арасындағы ынтымақтастық пен екіжақты сауда-экономикалық қатынас туралы сөз қозғады.
«Қазақстан Республикасы Тәуелсіздік алғаннан бері екі ел арасында достық қарым-қатынаспен қатар, сауда және экономикалық қатынастар да қалыптасты. Осы орайда екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ниеттіміз. Бұл орайда, әсіресе, корей инвестициясын тартуға мүдделіміз», - деді облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов.
Сондай-ақ, әкім мұнайлы өңір үшін Оңтүстік Кореяның мұнай-химия өнеркәсібін қарқынды дамыту тәжірибесінің маңызын атап өтті.
«Мұнай-химия өнеркәсібін дамыту бағытында Оңтүстік Кореяның тәжірибесі мол екені анық. Осы бағытта екіжақты тәжірибе алмассақ, бұл болашақта бірлескен кәсіпорындар құру үшін негіз бола алады», - деді Махамбет Досмұхамбетов.
Оңтүстік Корея Республикасының елшісі Ку Хонг Сок мұнай-газ саласында бірқатар бірлескен жоба жүзеге асып жатқанына тоқталды. Алдағы уақытта медицина саласында да әріптестік танытуға ниет білдірді.