Оңтүстік Корея КХДР жаңа ядролық сынақтарға әзір екенін мәлімдеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Оңтүстіккореялық әскерилер КХДР-дың кез келген уақытта жаңа ядролық сынақ жүргізу үшін барлық мүмкіндіктері бар деп санайды. Бұл туралы РИА Новости хабарлады.

«КХДР-да кезекті ядролық сынақты жүргізу үшін тоннель бар», - деп КР қорғаныс министрлігінің өкілі Мун Сан Гюннің сөзін келтірді Ренхап агенттігі дүйсенбіде баспасөзмәслихаты барысында.

Ол сондай-ақ «АҚШ және Оңтүстік Кореяның барлау қызметінің бағалауына сәйкес КХДР Пхунгери ауданында кез келген сәтте келесі ядролық сынақтарды өткізуге әзір екенін атап өтті».

Жұма күні, 9 қыркүйекте, сағат 09.30-да ҚХДР-да магнитудасы 5,0 жер сілкінісі тіркелді. КХДР билігі ядролық сынақты сәтті жүргізгенін растады және баллистикалық зымырандарды ядролық оқтұмсықтармен жарақтауға қабілетті екенін хабарлады. Оңтүстіккореялық әскерилердің деректеріне сәйкес жарылғыш заттың қуаты 10 килотоннаны құрауы мүмкін, бұл 6 килотонна болған қаңтардағы жарылыстың қуатынан екі есе асып түседі.

Кезекті ядролық сынақты жүргізуін Жапония, АҚШ, Оңтүстік Корея, бірқатар еуропалық мемлекеттер айыптады. РФ СІМ-де Мәскеу КХДР қауіпті тәуекелдерді тоқтатып, БҰҰ ҚК барлық нұсқамасын орындап, зымырандық-ядролық бағдарламалардан толықтай бас тартуды талап етіп отырғанын хабарлады.

Сейсенбі, 13 қыркүйекте, Сеулде АҚШ мен Оңтүстік Кореяның арнайы өкілдерінің КХДР бойынша келіссөзі өтеді.  Сон Ким  мен Ким Хон Гюнның кездесу нәтижесі бойынша бірлескен баспасөз конференциясы өтеді, оның барысында тараптар Пхеньянға қатысты қарсы шараларды мәлімдейді.