Қазақстанның бочча құрамасы 18-24 тамыз аралығында Польшада өтетін «Poznan 2023 World Boccia Challenger» халықаралық жарысына қатысады.
Спортшылардың дайындығына көмектесу үшін Қазақстан бочча федерациясы Оңтүстік Кореядан халықаралық сарапшы Чоль Хён Квонды шақырған. Шетелдік маман боччашыларға 1 апта бойы, алдымен, теория, содан соң практика түрінде шеберлік сабақ өткізді.
Бүгін Парламент Сенатының төрағасы – Қазақстан бочча федерациясының президенті Мәулен Әшімбаев халықаралық додада ел намысын қорғайтын спортшылармен кездесті.
«Бочча – енді дамып келе жатқан жаңа спорт түрі. Мұнда олимпиадалық қағидат бар: ең бастысы – қатысу. Биылғы жарыста жүлделі орынға ие болмауымыз да мүмкін. Бірақ, алдағы уақытта халықаралық аренада ел намысын абыроймен қорғайтын боламыз. Ол үшін бізге көп жаттығып, дайындалу керек. Халықаралық білікті сарапшыларды шақыру қажет. Егер біз әлемдік деңгейде өнер көрсеткіміз келсе, халықаралық жаттықтырушылармен тәжірибе алмасуымыз керек», - деді Мәулен Әшімбаев спортшылармен сөйлесе тұрып.
Боччашылар оқу-жаттығу дайындықтарын елордадағы Паралимпиада орталығында өткізіп жатыр.
«Қазір боччадан Польшадағы халықаралық жарысқа оқу-жаттығу жиындары өтуде. Спортшылардың дайындығын арттыра түсу үшін оңтүстіккореялық сарапшы шақырылды. Сарапшы боччаның әдіс-тәсіл, қыр-сырын үйретіп, тәжірибе бөлісіп жатыр. Чоль Хён Квон – бұл салада әлемге танымал адам. Спортшыларымызды жарысқа дайын деп айтуға болады. Дегенмен қобалжу бар, себебі бұл халықаралық деңгейдегі алғашқы сапар. Аталған халықаралық додада төрт сынып бойынша 6 спортшы ел намысын қорғайды», - дейді ұлттық бочча құрамасының бас бапкері Диана Молдахметова.