Оңтүстік Корея оппозициясы ел президентіне импичмент жариялауды талап етуде

АСТАНА. ҚазАқпарат - Оңтүстік Корея президенті Пак Кын Хе айналасындағы жемқорлық дауына байланысты ел оппозициясы оның импичментіне қол жеткізу туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды РИА Новости.

Агенттіктің хабарлауынша, шешімді ең басты оппозиция Демократиялық партияның ("Тобуро минджудан") парламенттік фракциясы қабылдаған. «Импичмент алты айға дейін созылуы мүмкін, сондықтан бұл айтарлықтай мемлекет күшін қажет етеді және билеуші "Сэнуридан" партиясындағы Пак Кын Хе қарсыластарының ар-ожданына байланысты», - деп мәлімдеді партия басшысы Чху Ми Э.

Рёнхап агенттігінің хабарлауынша, жақын арада өзге партиялар да импичмент бойынша өз позицияларын білдіреді. Ел парламентінің пленарлық отырысы 22 қарашаға белгіленген.

Бұған дейін хабарланғандай, президент Пак Кын Хе оған қатыспау туралы шешім қабылдады. Сондай-ақ, оңтүстіккореялық БАҚ-та президенттің бұл аптада министрлер кабинетінің отырысына қатыспайтыны туралы ақпарат пайда болды.

Оңтүстік Кореядағы жемқорлық дауы президенттің құрбысы Цой Сун Сильдің билік ісіне араласуы туралы ақпараттан туындады. Прокуратураның алдын ала болжауынша, қазіргі ел президентінің дауға қатысы бар. Конституция бойынша, оны тергеуге болмайды, алайда Пак Кын Хе өз еркімен түсініктеме беруі мүмкін. Қандай жағдайда да, ол 4 қараша күні халыққа үндеу жолдауға уәде берген. Дауға қатысты елде түрлі наразылықтар мен оның отставкаға кетуін талап еткен шерулер өтуде.