Оңтүстік Корея жағалауында жолаушылар кемесі китпен соқтығысты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Оңтүстік Корея жағалауында жапониялық жолаушылар кемесінің, китпен соқтығысуы салдарынан, болжам бойынша, төрт адам зардап шекті, деп хабарлады РИА Новости жапониялық және оңтүстіккореялық БАҚ-тарға сілтеме жасап.

Оңтүстіккореялық Пусан портынан сағатына 55 шақырым жылдамдықпен Фукуокуге қарай бет алған "Beetle" кемесі (су сыйымдылығы 164 тонна), болжам бойынша, сол жерде жүзіп жүрген китке соғылды.

Киодо агенттігі хабарлағандай, кемеде 180 жолаушы болған.

Оңтүстіккореялық Рёнхап агенттігінің ақпаратынша, төрт адам құлау және соққылар салдарынан жарақат алды. Кеме айтарлықтай зақымданған жоқ, Пусан портына оралып, жапа шеккендерді ауруханаға жеткізді.