Оңтүстік Кореяда 12 мыңға тарта қазақстандық заңсыз жүр - ҚР СІМ

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР СІМ консулдығының ақпаратына сәйкес, Оңтүстік Кореяда қазіргі таңда 19 мың қазақстандық ресми түрде тіркелген, шамамен 12 мыңға жуық қазақстандық заңсыз түрде жүр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біздің қазақстандық көп азамат Оңтүстік Кореяға екі мемлекет арасындағы визасыз режімге сүйеніп барып, сол жақта қалып қойып жатыр. Сондықтан, олардың қолында виасы бар, визасы бітіп қалды деп айтуға болмайды. Олар жалған ақпаратпен кіріп, жұмыс істеп, Кореяның аумағында қалып қойып жатыр. Қазіргі таңда 39 мың қазақстандық азамат Кореяға барды деген ақпарат - ол барып-қайтып келген адамдардың жалпы саны. Біздің консулдықтың ақпаратына сәйкес, қазіргі таңда 19 мың қазақстандық ресми түрде (Оңтүстік Кореяда - авт.) тіркелген, шамамен 12 мыңға жуық қазақстандық заңсыз түрде жүр», - дейді ҚР СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров ведомствода өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, осыдан бір-екі апта бұрын хабарланғандай, Оңтүстік Корея үкіметі «Жасыл дәліз» іс-шарасын бастаған. Сол акцияға сәйкес, осы жылдың 1 қазанынан бастап келесі жылдың 31 наурызына дейін Корея аумағында жұмыс істеп заңсыз жүрген азаматтар өз еркімен елдеріне қайтатын болса, ешқандай айыппұлға ілікпей, өз еліне қайтады. Ал егер оны қолданбай, күшейтілген рейдтердің қолдарына түссе, онда 6,5 млн теңге айыппұл арқалап, ол азаматқа он жыл мерзімге Кореяға кіруге тыйым салынады.

«Соңғы екі аптаның ішінде Сыртқы істер министрлігіне және біздің Сеул қаласындағы елшілікке осы жағдайдың мән-жайын түсіндіруді өтінген қазақстандықтардан қоңыраулар мен хаттар түсіп жатыр. Көбісі естіді. Біздің ойымызша, бұл іс-шараны ескеріп, Қазақстанға оралатындардың саны көбейеді», - дейді ол.

Еске сала кетсек, осыдан бір апта бұрын Айбек Смадияров Оңтүстік Кореяда заңсыз жүргендер Қазақстанға еш кедергісіз орала алатынын мәлім еткен болатын.