Оңтүстік Кореяда Азия ойындарынан кейін 7 спортшы жоғалып кетті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Оңтүстік Кореяда сенбі күні Инчхонда аяқталған Азия ойындарынан кейін жоғалып кеткен жеті спортшы мен бір репортер іздестірілуде, деп жазады шетелдік БАҚ.

Инспектор Пэк Сын-Чхоль хабарлағандай, полиция Непалдан үш спортшыны, Шри-Ланкадан екі, Бангладеш пен Палестинадан бір-бір спортшыдан, сонымен бірге, Пәкістан телеарнасының репортерін іздеп жатыр. Полицияның болжамынша, олар заңсыз түрде жұмысқа орналасқан болуы мүмкін. Сол себепті негізінен іздеу шаралары жұмысшы мигранттар көп тұратын сол маңдағы Ансан қаласында жүргізілуде.