Оңтүстік Кореяда Қазақстанның заманауи өнерінің ауқымды көрмесі ашылды

СУВОН. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасының Ұлттық мұражайы 27 қараша күні Оңтүстік Кореяның Сувон қаласында «Еуразиялық утопия: Post Scriptum» атты көрме ашты, деп хабарлайды ҚазАқпарат музейдің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Сувондағы SIMA заманауи өнер мұражайына кеңестік және қазіргі заманның 57 суретшісінің 100-ден астам туындысы қойылған. Көрме «Фокус Қазақстан» халықаралық жобасы аясында шетелде ұйымдастырылған шаралардың төртіншісі әрі соңғысы.

«Фокус Қазақстан»  «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан «Заманауи қазақстандық мәдениет - жаһандық әлемде» атты арнайы жобасының бір бөлігі  болып табылады.

«Фокус Қазақстан»  жобасының кураторы Роза Әбенованың айтуынша, жоба халықаралық аренадағы Қазақстанның заманауи бейнелеу өнерін ауқымды көрсете алған ұйымдастыру тәжірибесінің алғашқы және табысты мысалы бола алады. Төрт қалада (Лондон, Берлин, Джерси Сити, Сувон) 400-ге жуық жұмыс және 94 суретшінің мұрағаттық құжаттары көрсетілді. Жобаның соңында әр көрме бойынша каталогтар шығарылады.

«Еуразиялық утопия: Post Scriptum» көрмесі кеңестік  кезеңнің және қазіргі заманғы суретшілердің шығармашылығын зерделеу, көркемдік дәстүрдің жалғасы мен үзілуін көрсету, республикамыздың тәуелсіздігі кезеңіндегі қазіргі заманғы өнердің дүниеге келуін, жаңа дискурстар мен медианың пайда болуын зерттеу арқылы  қазақстандық өнердің нарративін анықтауға тырысады. Ұлттық сурет өнері мектебінің ерекшеліктері, «жергілікті модернизм» феномені және тәуелсіздік кезеңіндегі өнер -  көрменің басты тақырыптары. Онда Үкі Әжиевтің, Ольга Кужеленконың, Салихитдин Айтбаевтың, Жаңатай Шәрденовтің, Евгений Сидоркиннің, Алексей Степановтың, Михаил Кимнің, Борис Пактың, Әбдірашит Сыдыхановтың, Рустам Хальфиннің, Сергей Масловтың, Сәкен Нарыновтың, Серікбай Әлжановтың, Ербосын Мелдібековтың, Елена мен Виктор Воробьевтардың, Александр Угайдың, Бақыт Бүбіқановтың, Әлібек Мергеновтің, Сәуле Дүйсенбинаның, Нұрбол Нұрахметтің және басқаларының туындылары ұсынылды.

«Еуразиялық утопия: Post Scriptum» көрмесінің жетекшілері Сорокина Юлия (Қазақстан) мен Шин Ын Янг (Оңтүстік Корея). Юлия Сорокина жергілікті модернизм феномені, суретшілердің модернизм мұрасын сезінуі мен оның өз тәжірибелерімен ұштастыруы туралы атап өтеді. Ал Шин Ын Янгтің айтуынша, тарихи тұрғыда Қазақстанның Кореямен тығыз байланысы бар. «Бірақ біз Қазақстанның өнері мен мәдениеті туралы тым аз білеміз. Қазақстан өнерінің алғашқы көрмесінің арқасында көбірек білуімізге мүмкіндік туды», - дейді ол.

Айта кетейік, «Фокус Қазақстан» жобасын ҚР Ұлттық музейі мен ҚР Мәдениет және спорт министрлігі ұйымдастырған.

Көрме 2019 жылдың 3 наурызына дейін жалғасады.