Оңтүстік Кореяда мұғалім ең беделді 5 мамандықтық бірі саналады

None
БІШКЕК. 26 сәуір. ҚазАқпарат - Оңтүстік Кореяда педагогикалық жоғары оқу орнын бітірген мамандар мұғалім болу үшін міндетті мемлекеттік сынақтан өтеді.

Бұл туралы кеше Бішкекте өткен "Орталық Азиядағы педагогикалық кадрларды дайындаудың теориясы мен практикасы" деп аталатын ІІ халықаралық конференция кезінде айтылды.

"Оңтүстік Кореяда мұғалім ең беделді 5 мамандықтың бірі саналады. Онда мұғалімдерді дайындауда және оларды жұмысқа қабылдаудағы талап өте қатал. Сондықтан жоғары оқу орнын бітіріп, ұстаз болуды қалайтындардың тек 30 пайызы ғана өз арманын жүзеге асыра алады", - дейді "Манас" қырғыз-түрік университетінің Қоғамдық ғылымдар институтының педагогика магистрі Айпері Нарбаева. Оның айтуынша, мұғалім болуды қалайтын мектеп бітірушілер жоғары оқу орнына түсу үшін мектептегі сабақтардан алған балы жоғары болу керек. Сондай-ақ SAT (Scholastic Assessment Test) тестен жинаған балы ортадан жоғары болуы шарт және өзін жоғары оқу орнына түсуге дайындаған жалдамалы мұғалімдердің ұсынымын алуы қажет. Одан кейін ауызша сынақтан өтсе ғана студент атана алады.

А.Нарбаеваның сөзіне қарағанда, «Оңтүстік Кореяда мұғалімдерді мақсатты дайындау жүйесі үш сатыдан тұрады. Онда 4 жылдық бакалавриатта бастапқы және орта мектеп мұғалімдері дайындалады. Оқу мерзімі 2-3 жылды құрайтын магистратурада орта мектеп және кәсіптік колледж мұғалімдері, ал 3-4 жылдық докторантурада жоғары оқу орындарының оқытушылары әзірленеді.