Оңтүстік Кореяға заңсыз барған қазақстандықтар елге жасыл дәліз арқылы оралмақ

АСТАНА. ҚазАқпарат - Оңтүстік Кореяға заңсыз барған қазақстандықтар елге «жасыл дәліз» арқылы оралады, деп хабарлайды Хабар 24 телеарнасы.

Оңтүстік Кореяда заңсыз мигранттардың мемлекет аумағынан өз еркімен кетуіне берілген мерзім 31 желтоқсанда аяқталады. Бұған дейін біз Корея аумағында 2 мың 847 қазақстандықтың заңсыз негізде жұмыс істеп жатқаны хабарланған. Сол азаматтарымыздың біреуі телеарна тілшісіне сұхбат берген.

Жігіт өзін Жарқынбек деп таныстырған. Айтуынша, Оңтүстік Кореяға биылғы жылдың ақпанында келіп, төлқұжатын жоғалтып алыпты. Жергілікті тұрғындар оның құжаты мен әмиянын Қазақстан елшілігіне әкеліп берген. Кейін барлық заттары өзіне қайтарылды. Енді заңсыз жолмен корей еліне барған отандасымыз «жасыл дәліз» арқылы Қазақстанға оралуға ниеттеніп отыр.

«Кірпіш тасу, қап тасу, цемент тасу - сондай жұмыстар. Бұл жерде мен 15 күн жұмыс істесем, 15 күн істеген жоқпын. Жұмыс істеу керек бұл жерде. Тоқтамай істеу керек, сонда табасың ақшаны, дейді Жарқынбек.