Оңтүстік Кореяның туристік әлеуеті 14 пайызға өсті

АНА. Қазанның 8-і. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - Бүгінгі дағдарыс жағдайына қарамастан, Оңтүстік Кореяның туристік әлеуеті 14 пайызға өсті.

Бұл туралы бүгін Астанада өтіп жатқан Дүниежүзі туристік ұйымының Бас Ассамблеясының кезекті 18-ші сессиясы аясында журналистермен кездескен  Оңтүстік Корея Республикасының Туризм, спорт және мәдениет вице-министрі Дже Мин Син мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның сөзіне қарағанда, ел үкіметінің дағдарысқа қарсы қолға алған іс-шаралары мен осы жұмыстар аясында туристік салаға құйылған қыруар қаржының арқасында бүгінгі әлемдік туризм саласындағы көрсеткіштердің төмендеуіне қарамастан, Оңтүстік Кореяның туристік саласы даму үстінде. «Әлемдік туризм 5-7 пайызға төмендесе, біздің туристік әлеуетіміз 14 пайызға артып отыр»,-дейді вице-министр.

Дже Мин Син атап көрсеткендей, бүгінгі таңда Қазақстаннан Кореяға баратын туристердің саны 10 мыңнан аспайды. «Бірақ екі ел арасындағы әуе қатынастардың артуы мен Қазақстан Президентінің біздің елге жасайтын іс-сапарынан кейін осы саладағы көрсеткіштер өседі деп сенеміз»,-деп атап өтті Дже Мин Син.