«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының әскери қызметшілері Қаратауда «диверсантты» қолға түсірді (ФОТО)

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының 5-ші механикаландырылған бригадасының бөлімшелері Алматы облысының «Көктал» полигонында қыркүйекте өтетін Құрлық әскерлерінің «Айбалта-2015» ірі ауқымды оқу-жаттығуына белсенді дайындықты бастады.

Толық жауынгерлік жарақтандыруда 200-ден астам жауынгер Қаратау арқылы бес шақырымдық тау өткелінен өтті, тауларда «диверсантты» анықтау және ұстау элементтерін пысықтады, деп хабарлайды ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.

«Айбалта» оқу-жаттығуының басталуына барлық бөлімшелеріміз, барша әскери қызметшілер, қару-жарақ пен әскери техниканың әрбір бірлігі жүз пайыз дайын болуы тиіс», - дейді 5-ші механикаландырылған бригадасының штаб бастығы подполковник Ержан Мейірманов. Бұдан бұрын оқу-жаттығуға дайындалу шеңберінде бригадамен механикаландырылған марш жасалды. Т-72 танктерінің, ЖӘЖМ-2 жауынгерлік машиналарының легі, автомобильдер және дөңгелекті техника 50 шақырым күрделі жолды еңсерді.

Айта кеткен жөн,«Айбалта-2015» жедел-тактикалық оқу-жаттығуы ҚР ҚК Құрлық әскерлерінің жауынгерлік әзірлігін ауқымды тексеру мақсатында өткізілмек. 5-ші механикаландырылған бригададан басқа алдағы оқу-жаттығуға Құрлық әскерлері әскери бөлімдерінің 20-дан астам бөлімшесі, оның ішінде Аэроұтқыр әскерлерінің бөлімшелері қатысады.