Оңтүстік және Солтүстік Корея бітімге келді
Бірлескен Пханмунджом декларациясында Оңтүстік Корея президенті Мун Чжэ Ин мен солтүстіккореялық көшбасшы Ким Чен Ын Корей түбегіндегі ядролық қарусыздану процесі - тараптардың ортақ мақсаты екенін атап өткен.
Декларацияда Оңтүстік және Солтүстік Корея арасында жердегі, теңіздегі және әуедегі барлық жауласу әрекеттерінің тоқтатылатыны айтылған және демилитаризацияланған аймақты бейбітшілік аймағына айналдыру бастамасы көтерілген.
Декларацияның ең маңызды әрі ең әсерлі бөлімдерінің бірі Корей соғысында бір-бірінен көз жазып қалған туыстардың табысуы болып отыр. Оңтүстік және Солтүстік Кореяда тұрып келген туыстар бір-бірімен 15 тамыз күні кездеседі.
Одан бөлек, Оңтүстік және Солтүстік Корея қорғаныс министрліктері арасында тұрақты келіссөздер жүргізіп тұруға уағдаласты. Декларацияға сәйкес, алғашқы кездесу мамыр айында өтеді.
Сонымен бірге, қос мемлекет шекара маңындағы Кэсон қаласында бірлескен байланыс бекетін ашуды ұйғарды. Бұл бекет ынтымақтастық және гуманитарлық мәселелер бойынша жұмыс істемек.
Екі елдің теміржолдарын жалғау бойынша да нақты қадамдар жасалады.