Оңтүстік жастары Тәуелсіздік жетістіктерін талқылады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ОҚО Бәйдібек ауданында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай жастар орталығының ұйымдастыруымен «Тәуелсіздік бізге не берді?» атты дөңгелек үстел отырысы мен «Тәуелсіздік жетістіктері» тақырыбында сурет көрмесі өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат аудан әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жалпы пікірталастың мақсаты - жастардың туған жерге, елге деген сүйіспеншілік сезімі мол, патриоттық, адамгершілік рухын қалыптастыру; Туған елінің болашағына үлес қосып, елі, жері үшін қызмет етуге тәрбиелеу; Қазақстанның тәуелсіздікке жету тарихын ұғындырып, тәуелсіздікке жету жолындағы жетістіктерін насихаттау; жастардың пікірлерімен бөлісу.

«Дөңгелек үстелге» аудандық ішкі саясат бөлімі, аудандық сәулет көркем музейі, №19 колледж, №1 жалпы орта мектеп-интернаты, М.Әуезов атындағы жалпы орта мектебі, Шаян көпсалалы лицей жалпы орта мектебі, Күлтөбе негізгі орта мектебінің белсенді жастары мен «Қоғамдық келісім және жастар ресурстық орталығының» мамандары қатысты.

Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша аудандық ішкі саясат бөлімінің маманы А.Елтаева , аудандық сәулет көркем музей қызметкері М.Расулова баяндама жасады. Тәуелсіздік бізге не берді? Біз не бердік? - осы сұрақтар аясында қатысушылар өз ойларын ортаға салды. Пікірталасқа қатысушы жастар белсенділік танытты. Олар тәуелсіздікке арналған өлең шумақтарын да оқыды.