Ақпан айының 9-25 аралығында Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласында өтетін байрақты бәсекеге кімдер баратынын бүгін Өңірлік коммуникациялар орталығында өткен баспасөз жиынында облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Әлібек Нұртаев айтып берді.
Басқарма басшысының сөзінше, бастапқыда Олимпиада ойындарына баруға өңірден 8 спортшы үміткер болған. Алайда олардың 5-еуі ғана лицензияға қол жеткізді. Енді аталған спорттық жарыста халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Қазақстан Республикасының бірнеше дүркін чемпионы Жанбота Алдабергенова аттанады. Спортшы қыз бұған дейін 2012 жылы Ресей Федерациясының Сочи қаласында өткен 22-ші қысқы Олимпиада ойындарында 6-орын алып, өткен 2017 жылы Бүкіләлемдік қысқы Универсиаданың жеңімпазы атанды. Сонымен қатар Қазақстан Республикасының спорт шеберлері Маржан Ақжігіт, Ақмаржан Қалмұрзаева, Ильдар Бадрутдинов, Қазақстан Республикасының спорт шеберлігіне үміткер Аяна Жолдас та ел намысын қорғайтын болады.
«Қазіргі таңда спортшыларымыз Мәдениет және спорт министрлігі тарапынан бекітілген жоспарға сәйкес, оқу-жаттығу жиындарына қатысуда. Облыс тарапынан жоғарыда аталған үміткер спортшылардың елде және шет мемлекеттерде өткізілетін халықаралық деңгейдегі оқу-жаттығу жиындары мен жарыстарға қатысуына толық мүмкіндік жасалынып отыр», - деді Әлібек Нұртаев.
Айта кетейік, бүгінде өңірде спорттың қысқы түрлерін дамыту мақсатында «Оңтүстік Қазақстан облысының қысқы спорт түрінен балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі» жұмыс істеп келеді. Аталған мекеме шәкірттерді спорттың 6 түріне, яғни фристайл, шорт-трек, конькимен мәнерлеп сырғанау, шайбалы хоккей, әмбебап жекпе-жек және жазғы биатлонға баулуда.