Оңтүстікқазақстандық кәсіпкерлер прокурордан араша сұрады

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат -  Оңтүстік Қазақстан облысында жер қойнауын пайдаланушы кәсіпкерлер үшін кедергі көп.

Мұндай шағымдарын аймақтық кәсіпкерлер палатасының қоғамдық қабылдауында болған бизнес өкілдері облыстың мамандандырылған табиғат қорғау прокуроры Данияр Мағауинға айта келді, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.

Кездесуде пайдалы қазбалар өндірумен айналысатын түркістандық кәсіпкер  облыс әкімдігімен жасалған келісімшарт мерзімінен бұрын тоқтатылғанын жеткізді.

«Бұл заңға қайшы.  Өйткені, «Жер қойнауын пайдалану туралы» Заңда шартты мерзімінен бұрын тоқтату қаралмаған. Ал біздің салық пен геологиялық зерттеулер жүргізуге төлейтін жылдық төлемдер аз сома емес, 2 млн теңгені құрайды. Оны төлеу бізге ауыр соғып отыр. Бұл соманы азайту жөнінде бірнеше жылдан бері арызданып келеміз. Бірақ одан нәтиже жоқ»,- дейді кәсіпкер.

Облыстық жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасы мен кәсіпкер арасындағы дау сотқа дейін жеткен. Мұндай жағдай өзге жер қойнауын пайдаланушылармен де кездесіп отыр. Оның себебін кәсіпкерлер  келісімшартқа сай қарыздардың төлену уақытысынан кешіктіріп алғанымен түсіндіреді.

«Бізде жауапты басқарма мен қазба байлықты пайдаланушылармен қандай да бір схема жасалмаған. Мәселені бірге отырып талқылаудың орнына лицензияларымызды алып қоймақшы. Оны алып қойса, құжатты қайта рәсімдеуіміз қиын болады. Ал, геологиялық зерттеу жүргізу үшін қомақты қаражат сұрайды, оны қалта көтермейді. Өйткені жылдық төлемдердің сомасы басқа өңірлерге қарағанда қымбат»,- дейді кәсіпкер Жаһан Төреқұлов.

Айта кетейік, жер қойнауын пайдаланушы кәсіпкерлер ел бюджетіне жыл сайын төлеуі тиіс салықтың көлемі 2 млн. теңгені құрайды. Бұл сома өзге өңірлермен салыстырғанда тым жоғары болуына байланысты, кәсіпкерлер оны төмендету бойынша әрекет етіп келе жатқанына бірнеше жыл болды. Бұл ретте табиғатты қорғау органдары барлау және өндіру келісімшарттарын мерзімінен бұрын бұзуда. Бүгінгі күні лицензияларынан қарызданып қалған екі компания айырылды. Бұдан бөлек, кәсіпкерлер бюрократизмге шағымдануда. Олар лицензия алу үшін қағазбастылыққа көп уақыт жұмсайтынын айтып отыр. Ал геологиялық барлау жұмыстарына қомақты салық төлеуге тура келеді.

Бүгін Облыстық жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасы 175 кәсіпкермен келісімшартқа отырды. Құжатқа қол қойғандар салықты АҚШ долларымен төлеуге келісімін берген. Бірақ девальвация салдарынан оны төлеу оңайға соғып отырған жоқ. Осы мәселеге орай енді елімізде жаңа жоба енгізілмек. Оған сәйкес, қыркүйек айынан бастап әлеуметтік-экономикалық төлемдерді теңгемен төлеуге болады.

Жыл басынан бері өңірде  заңсыз жер қойнауын пайдаланудың 22 дерегі тіркелді. Сондықтан қазір еліміз бойынша осындай кәсіпкерлермен кездесулер өтіп жатыр. Заңға өзгеріс енгізу бойынша ұсыныс-пікірлер тыңдалуда. Бұл ұсыныстар Парламентке жолданбақ.  Мәселені жан-жақты тыңдаған прокурорлар кәсіпкерлерден жазбаша түрде арыздарын қабылдап, қарап шығуға уәде етті. Ал, өңірдің Кәсіпкерлер палатасының мамандары мәселеге бей-жай қарап отырмай, сот шешімін бұзу туралы ұсыным бермек.