Оңтүстікқазақстандық полицейлер барымташылардың ұйымдасқан қылмыстық тобын құрықтады
Қазығұрт аудандық ішкі істер бөліміне жергілікті тұрғындар арызданып келді. Олардың қора-жайларынан белгісіз азаматтар үш бие мен құлынды ұрлап кетті. АІІБ жедел топ құрылып, бірнеше күннен кейін мал ұрлау кезінде қылмыстық топтың екі мүшесі ұсталды. «Одан кейін қылмыстық топтың басқа да қатысушыларына шыға алдық. Нәтижесінде, мал ұрлығын жасады деген күдікпен полицейлер 5 жас жігіт пен бір 37 жастағы азаматшаны құрықтады. Олардың барлығы да бұрын сотты болмаған Сарыағаш және Қазығұрт аудандарының тұрғындары», - деп хабарлады ОҚО ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі Салтанат Қаракөзова.
Күдікті азаматтар 30 мал ұрлығын жасағанын мойындады. Олар тек түн уақытында жұмыс жасап, малды қора-жайлар мен еркін жайылымдардан алып кетіп отырған. «Ұрланған малды «ЗИЛ» автокөлігінде алып шығып, облыс базарларында сатқан. Олар тарапынан зардап шеккендерге келтірілген материалдық шығын бірнеше миллион теңгені құрады», - деді С.Қаракөзова.
Тергеу анықтағандай, барымташылар Сарыағаш және Қазығұрт аудандарында екі жыл бойына ұрлықпен айналысып келген. Тергеу жүргізіліп жатыр, оның барысында қылмыстық топтың барлық мүшесінің рөлі анықталады. Күдікті азаматтарға қатысты ҚР ҚК 175 және 235-баптары бойынша қылмыстық іс қозғалды.