Оңтүстікқазақстандық журналистер Анадолы агенттігінде тәжірибе алмасуда

Фото: None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстікқазақстандық журналистер өткен аптада  Түркияға жол тартқан болатын. БАҚ өкілдерінен құралған топ алдымен Ыстанбұлға келіп, әлем бойынша ақпарат тарататын 10 ірі орталықтың бірі - Анадолы агенттігінің жұмысымен танысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.



Онда қос тарап екі ел арасындағы ынтымақтастық пен байланыстар жайын және бүгінгі БАҚ саласының даму процесін сөз етті. Анадолу агенттігінің Ыстанбұл қаласындағы үйлестірушісі Иылмаз Яман Оңтүстік Қазақстаннан келген журналистерге  бауырлас елдер арасындағы әріптестік ынтымақтастықты нығайтуға ниетті екенін жеткізді. Бір ғасырға жуық тарихы бар орталық  әлемнің 85 елінен  11 тілде ақпарат таратады.  Сонымен бірге  Түркиядағы жаңалықтар кеңістігінің 63 пайызын қамтиды.  Орта есеппен күніне  1200 жаңалық тарататын агенттікте  2300-ге жуық азамат жұмыс істейді. Әлемнің 39 елінен өз кеңселерін ашқан Анадолу  агенттігі алдағы уақытта түркі тілдес Қазақстанда да өз бөлімшелерін ашуды жоспарлап отыр. Бір аптаға жоспарланған сапар барысында оңтүстікқазақстандық журналистер Ыстанбұл қаласындағы Қазақстан Республикасының Бас консулымен кездесіп,  тарихи-мәдени орындарына саяхат жасайды.

 Айта кетейік, Оңтүстіктен барған БАҚ өкілдерінің жұмыс сапарын үйлестіруде ҚР Түркиядағы Елшілігі мен Ыстамбұл қаласындағы өкілдігі атсалысты.

 

Фото: Абай Омар