Оңтүстікте 269 бала АИТВ инфекциясымен өмір сүреді

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысында 3 мыңға жуық адам АИТВ (ВИЧ) инфекциясын жұқтырғандар тізімінде тұрады.

Олардың 269-ы -балалар. Қауіпті дертке шалдыққандардың өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында бүгін Шымкентте халықаралық семинар ұйымдастырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.

Алқалы жиында Қазақстан, Ресей, Өзбекстан, Тәжікстан және Еуропа елінің дәрігерлері  пікір алмасып, науқастарды емдеудің жаңа тәсілдерін талқылады. Мамандардың сөзінше, қауіпті індетті жұқтырғандар дерттерінен құлан таза айыға алмайды. Тек олардың денсаулығын  арттырып, бақылауда ұстап отыру қажет. Созылмалы аурудың қасіреті де осы. Ғалымдар XXI ғасыр дертін емдеудің ең озық әдістерін зерттегенмен, айтарлықтай нәтиже бермей отырғанын айтады. Дегенмен, қазіргі таңда науқастардың өмірін ұзартуға болады.

«Емнің алғашқысы - ықтимал және тәуекел факторларды анықтау. Екінші бағыт - АИТВ инфекциясының облыстың емдеу мекемелеріне таралуына жол бермеу, үшіншісі - осы дертке шалдыққан балалар мен олардың ата-аналарына психо-әлеуметтік реабилитациялық жәрдемді үздіксіз ұйымдастыру болмақ»,-дейді өңірдің  денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мұқан Егізбаев.

Бүгінде науқас жандардың қоғамнан шеттетіліп, оларға өгей көзқарас таныту науқас балалары бар отбасылар үшін қиындықтар туғызуда. Бұл істе инфекция жұқтырған сәбиге ата-ананың жәрдемі өте маңызды. Психологтар мен дәрігерлерге де талай тер төгуге тура келеді. Әр балаға АИТВ инфекциясына шалдығуына оның кінәсі жоқтығы түсіндіріліп, алдағы өмірін осы дертпен қалай өткізетіні туралы айтылуы қажет. Жиынға қатысқан мамандардың пікірі осыған саяды.

«Науқас балалар АИТВ-ға шалдыққандары жайлы міндетті түрде білулері керек. Әлемдік медицина талабы осындай.  Аталған жайтқа қоғамның әлі толық дайын еместігі кедергі болуда. Бұл мәселе ТМД елдерінің дәрігерлері бас қосқан жиында да жіті талқыланды»,-дейді «ЮНИСЕФ» ұйымының ТМД елдері бойынша аймақтық кеңесшісі Руслан Манюта.

Десе де дәрігерлерге әлі де алаңдауға негіз бар. Бұрын әлемде АИТВ инфекциясының таралу жолы есірткіге еліткендер мен жыныстық қатынастың бей-берекетсіздігімен байланыстырылса, бүгінде қан құюдан да қатер күшеюде. Ресейден келген делегация аталмыш инфекциямен күрестің білгірлері саналады. Олар оңтүстік дәрігерлерін өз клиникаларында даярлықтан өтуге шақырды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мұқан Егізбаев бұл ұсынысты қабыл алды.