Оңтүстікте Алашорданың 95 жылдығына арналған республикалық конференция өтеді
Желтоқсанның 13 күні Шымкент қаласында өткелі отырған конференцияға есімі елімізге кеңінен танымал ғалымдар қатысады деп күтілуде. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметінен хабарланды.
Конференция қонақтары арасында ҚР ҰҒА академигі, тарих ғылымының докторы, профессор Мәлік Асылбеков, тарих ғылымдарының докторы, профессор Мәмбет Қойгелді, «Нұр Отан» ХДП хатшысы, Саясаттану ғылымдарының кандидаты Ерлан Қарин, Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтының профессоры, философия ғылымдарының докторы Амангелді Айталы, «Әділет»тарихи-ағарту қоғамының президенті, жазушы, тарих ғылымдарының кандидаты Бейбіт Қойшыбай сынды тағы да басқа азаматтар бар.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, конференцияның 13 желтоқсан күні жоспарлануы тегін емес. Өйткені 1917 жылдың 5-13 желтоқсан аралығында Орынбор қаласында жалпы қазақ-қырғыз құрылтайы өткен болатын. Аталған құрылтайда тұңғыш рет заманауи бағытта мемлекет құрылып, оның аты Алашорда деп аталды. Бұл туралы «Сарыарқа» газетінде Әлімхан Ермеков «Декабрьдің 12-сі күні, түс ауа, сағат 3-те дүниеге Алаш автономиясы келіп, азан шақырылып ат қойылды. Алты алаштың баласының басына ақ орда тігіліп, Алаш туы көтерілді. Үлкен ауылдарға қоңсы қонып, шашылып жүрген қырғыз-қазақ жұрты өз алдына ауыл болды. Отансыз жұрт Отанды болды», - деп жазған еді.
Ал Міржақып Дулатұлы «Автономия алу - мемлекет болды дегенмен бірдей. Біз енді өз алдымызға мемлекет боламыз деп тұрмыз», - деген болатын.