Оңтүстікте мақтаның тоннасы 150 мың теңгеден қабылданып жатыр

Фото: None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысында биыл 131 мың гектар алқапқа мақта егіліп, 343,6 мың тонна шитті мақта жинау жоспарланып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.

Өңірде бүгінгі таңда 25,8 мың тонна шитті мақта жиналды, ол - жалпы қордың 8%-ы. Аймақта қайта өңдеумен айналысатын 16 зауыттың 7-еуі шитті мақтаның бір тоннасын 150 мың теңгеден қабылдай бастады.

Бүгін бұл туралы Түркістан облысы өңірлік коммуникациялар қызметінде ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақов мәлімдеді. Оның айтуынша, облыста жиналған шитті мақтаны алғашқы өңдеуден өткізетін 16 кәсіпорында 184 қабылдау бекеті жұмыс істеуде.

«Шаруаларды қолдауға орай, өнімдерге субсидия төленетін болды. Бұл бағытқа 1,9 млрд теңге қаржы қаралған. Мәселен, мақта өніміне субсидия алу үшін мақта өңдеу зауытына қайта өңдеуге тапсырылған шитті мақтаның 1 тоннасына 12 мың теңге төленсе, қайта өңдеуге тапсырылған немесе сәйкестік сертификаты бар өңдеуге өткізілген күріштің 1 тоннасына 4 мың теңге субсидия беріледі», - деді Нұрбек Бақтыбайұлы.

Айта кетерлігі, шаруалар субсидия алу үшін қайта өңдеу кәсіпорнымен жасалған ауыл шаруашылығы өнімін тапсыру туралы шарттар, сондай-ақ қайта өңдеу кәсіпорны мен ауыл шаруашылығы тауар өндіруші немесе ауыл шаруашылығы кооперативі арасында құжат және қайта өңдеу кәсіпорны шеккен шығынды растайтын төлем құжаттарын ұсынуы тиіс.

Соңғы жаңалықтар