Спикер Елбасы Жолдауында айтылған аграрлық сектор экономиканың жаңа драйверіне айналуы керек деген тапсырмасына орай, алдағы 4 жылда яғни, 2021 жылға қарай «Ордабасы» қой тұқымының санын 125 мыңға жеткізу жоспарланып отырғанын атап өтті. Ол үшін арнайы бағдарламада жасалып жатыр екен.
Айта кетейік, бүгінде пайдасы мол «Ордабасы» қой тұқымы ауылшаруашылық өндірісіне кеңінен енгізілуде. Оның саны 75 мыңнан асса, таза тұқымдыларының саны 36 мыңнан асады.
Қазақстанда етті-майлы қой шаруашылығын тұрақты дамытудың басты бағыттары бойынша алдыңғы қатарлы тәжірибемен бөліскен Нұрадин Әлібаев қазақтың қылшық жүнді құйрықты қойы мен еділбай тұқымы және шетелдік - гиссар тұқымының будандастырылуы негізінде «Ордабасы» қой тұқымы жасалынғанын жеткізді.
Ұсақ малдың осы түрін көбейтумен айналысатын шаруа қожалықтарының төрағалары жаңа қой тұқымының басқа да артықшылықтарына тоқталды. Олардың айтуынша, бұл қойдың басқа қойдан ерекшелігі оның салмағының әдеттегіден жоғары болуы. Мәселен, аналықтар 72-85 кг болса, қошқарлар 103,5-123 келіге дейін тартады. Сондай-ақ «Ордабасы» қой тұқымы етті-майлы әлемдік қой тұқымдарымен бәсекелес болып отыр.