***
Кеше Астанада «Эксперт-200-Қазақстан» Ұлттық бизнестің экономикалық алтыншы форумы болып өтті. Оған Премьер-Министр Кәрім Мәсімов қатысқан болатын. Осы алқалы жиын жайында көлемді мақала жариялаған «Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, Үкімет басшысы форумның ашылуында сөйлеген сөзінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауында жарияланған тапсырмаларды орындау маңыздылығын айрықша атап өткен. Сонымен қатар форумда еліміздің Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев баяндама жасады. Ол өз кезегінде Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының Қазақстанға арналған елдік бағдарламасына жуырда қол қойылатынын хабарлады. Мақала «Мемлекеттік басқару реформасының маңызы зор» деген тақырыппен берілген.
«Кеше Орталық коммуникациялар қызметінде Маңғыстау облысының әкімі Алик Айдарбаев брифинг өткізді. Онда өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен мемлекеттік және салалық даму бағдарламаларын жүзеге асыру барысы жөнінде әңгімелеп, тілшілердің аймаққа қатысты қойған сұрақтарына жауап берді», - деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті сенбілік нөміріндегі «Мұнайлы Маңғыстаудың мәртебесі биік» деген тақырыптағы мақаласында. Облыс әкімінің сөзі бойынша, онда балабақшаның жетіспеушілігі туу көрсеткішінің жоғары болуынан туындап жатқан көрінеді. «Маңғыстау облысы халық санының өсімі жоғары өңірге жатады. Бүгінде өлкемізде 600 мың адам тұрады, өткен жылмен салыстырғанда тұрғындар саны 103,4 пайызға артты. Мұндай өсім қарқыны ең бірінші кезекте туу көрсеткішінің жоғары болуымен байланысты. Оған қоса, басқа өңірлерден келушілердің саны бойынша да алдыңғы қатарға шығып, миграциялық өсім 2 мың адамды құрады. Халық санының осылайша өсім қарқынына ие болуы бізге әлеуметтік мәселелерді жедел шешу, адамның тұрмыс-тіршілігіне қажетті әрі маңызды саналатын инфрақұрылымдарды дамыту міндеттемелерін жүктейді. Биыл әлеуметтік салаға 72 млрд. теңге бөлінді. Білім беру саласындағы «Балапан» бағдарламасы 3-6 жастағы балалардың 82 пайызын қамтып отыр. Жалпы, балабақшаларда орын жетіспеушілігі негізінен туу көрсеткішінің жоғары болуымен байланысты болып табылады. Бүгінгі таңда 10 мыңнан астам бала кезекте тұр», - деді А.Айдарбаев. *** Еліміздегі тұрғын үй инфрақұрылымдарын нығайту мәселесіне Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Нұрлы жол» - болашаққа бастар жол» атты Жолдауында тоқталды. Біз осы ретте «Айқын» газеті қаржыгер Ғалым Байназаров мырзаны әңгімеге тартып, ой бөліскен. Басылым тілшісінің Елбасының бұл бастамасы елді баспанамен қамтамасыз етуге тың серпін бере ала ма деген сауалына жауап берген ол: «Міндетті түрде. Біріншіден, сома қомақты. Бұл - долларға шаққанда 1 миллиард доллардың көлеміндегі қаражат. Екіншіден, егер осындай сома Үкімет тарапынан бөлініп жатса, екінші деңгейдегі банктер де қарап отырмайды. Олар қазірдің өзінде несие беріп жатыр, олардың ұмтылыстары бұрынғыдан да арта түседі. Елбасымыз өте жақсы ұсыныс жасады. Ол «Үкіметке бағынатын несие институттары - Қазақстанның тұрғынүйқұрылысжинақ банкі, Қазақстан ипотекалық компаниясына Үкіметтен бөлінетін несиелердің жылдық пайызы көп болмауы керек, анығы 1-2 пайыздан аспауы тиіс», - деді. 2 пайыз болмай-ақ, тіпті 3 пайыздан алса да бұл өте үлкен жетістік болар еді», - дейді. Сұхбат «Үкімет те, Ұлттық банк те дұрыс көзқарас танытуы керек» деген тақырыппен берілген.
«Оңтүстіктің шығысқа көші басталмақ. Оңтүстік облыстардан мыңға жуық отбасы Шығыс Қазақстан облысына қоныс аудармақ. Оңтүстіктегі жұмыссыз жүрген азаматтардың шығысқа барып, өз жағдайын жасауына мүмкіндік туып тұр. Оның да себебі бар. Шығыстықтар педагог, техник, ауыл шаруашылығы мамандарына тапшы. Әрі білікті мемлекеттік қызметкерлер де жетіспейді», - деп жазады «Айқын» газеті сенбілік санындағы «Оңтүстіктен шығысқа ағылған көш жалғаса ма?» деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның жазуынша, Жақында ішкі көші-қон мәселесіне байланысты әрбір өңірдің басшылары арасында келісім жасалып, арнайы бағдарлама түзілді. Бұл бағдарлама негізінде оңтүстік өңірден қоныс аударғандарға баспаналар беріліп, арнайы субсидия бөлінбек. Әрине, шығысқа барушылардың еркі өзінде. Қолында құжаты бар кез келген азаматтың шығысқа бет түзеуіне болады. «Кез келген азаматтың «ШҚО-ға қоныс аударамыз» бағдарламасымен танысқысы келсе, Шығыс Қазақстан облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің сайтына кіріп, электронды картаны қарауына болады. Жергілікті тұрғындар аспаздарды, техниктерді, ауыл шаруашылығы мамандарын қабылдауға әзір», - деп жазады мақала авторы. *** «Алғаш рет кездесуге келген жігітіне 8 айлық қызын «сыйға» тартқан келіншек Павлодарда қолға түсті», - деп жазады «Экспресс К» газеті бүгінгі нөміріндегі «Дочка невозврата» деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның жазуынша, ол осы уақытқа дейін автобекетте тұрып келген. 19 жастағы Айсұлу кездесуге келген жас жігітке баласы мен оның киімдері салынған пакетін тастап қашып кеткен. Осыдан кейін жігіт полицияға шағымданған. Баласын тастай қашқан көкек ана қолға түскен соң мұндай қадамға қаржылық проблемаларға байланысты барғанын айтқан. «Ол еш жерде жұмыс істемейді. Жылдан астам уақыт бұрын жұмыс табу үшін Павлодар облысының ауылдық жерінен қалаға келген және осы жерде қызын дүниеге әкелген. Қазіргі уақытта баланың әкесі жайында еш ақпарат жоқ. Құқық қорғау органдарының қызметкерлері әйелмен түсіндіру жұмыстарын жүргізуде», - деді Павлодар облыстық ІІД-нің баспасөз хатшысы Баян Мағзұмова.