«Оңтүстіктен Солтүстікке»: Мамандар Түркістанда түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Павлодардан Түркістан облысына келген ақпараттық топ мүшелері 1 апта бойы облыс аумағындағы 17 қала-аудан тұрғындарымен жүздеседі.

Жоспарға сай делегация құрамындағы 40-қа жуық маман көші-қон мәселесі туралы толыққанды түсіндіру жұмыстарын жүргізеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгінде Павлодар облысында дәрігер, мұғалім және техникалық сала мамандары тапшы. Халық саны аз аймаққа мемлекеттік бағдарлама аясында қоныс аударуға ниетті жандарға қолдау да ерекше. Мәселен, былтыр Түркістан облысынан Павлодарға көшкен 90-ға жуық отбасының мүшелері жұмысқа орналастырылып, баспанамен қамтылған. Бұл туралы Павлодар қаласының жұмыспен қамту орталығының бөлім басшысы Ерсін Жұмашев айтып өтті.

«Солтүстікке көшкен жанұядағы әрбір адамға бір ретік 214 мың теңге қаржы беріледі. Ауыл шаруашылығын дамытамын деген шаруалар үшін де жер құнарлылығын атап өткім келеді. Мемлекет қорындағы баспанада 5 жыл көлемінде тұрған азаматтарға үй аттарына рәсімделіп беріледі. Өкінішке қарай, денсаулығына байланысты ауа райы жақпай немесе отбасылық жағдайлармен туған жеріне қайта оралған азаматтар бар. Бұл біздің тарапымыздан жағдай жасалмағандығы емес, азаматтардың ерікті түрде белгілі себептермен қайту фактісі», - деді Ерсін Жұмашев.