Оңтүстіктің 1000 өнерпазы елордада өтетін мәдениет күндеріне қатысады

None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - «ЭКСПО-2017» Халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында тамыздың 29 жұлдызы мен қыркүйектің 3 күндері Астана қаласында Оңтүстіктің  мәдениет күндері өтеді. 

Елорда төріндегі айтулы шараға күнгейден 1000 өнерпаз аттанбақ. Қазір өңірдің мәдениет қызметкерлері дайындықтарын пысықтауда, деп хабарлайды «ҚазАқпарат ХАА тілшісі.

Облыстық мәдениет басқармасының басшысы Нұрболат Ахметжановтың айтуынша «ЭКСПО-2017»   Халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында Астанадағы Оңтүстік Қазақстан облысының мәдени күндерінде 40-тан аса концерттік бағдарламалар мен түрлі іс-шаралар көрермендерін тәнті етеді. Жұмат Шанин атындағы академиялық қазақ драма  театры, облыстық әзіл-сықақ және сатира театры, облыстық опера және балет театры сынды мәдениет және өнер мекемелері айтулы күндерде жаңа нөмірлерін тарту етсе, от ауыз, орақ тілді ақындар айтысы да сөз сайысымен сусындатады.

Ал, облыстық Оңтүстікфильм мекемесі аталған кино орталықпен бірлесе түсірген «Ерлік» көркем фильмі мен «Қазақ елі», «Толағай» анимациялық фильмдерін және «Майдангерлер», «Жастық шақ», «Өтелмес борыш» қысқаметражды фильмдерін  Астанадағы көрермендер назарына ұсынбақ ниетте. «Қажымұқан» фильмінің жаңа түсірілімі де көрме барысында тұсауы кесілмек.

Сондай-ақ, «Томирис» атты тарихи-театрландырылған цирктік қойылымға Оңтүстік-Цирк мекемесі де дайындық үстінде. Сақтар заманындағы Тұмар (Томирис) ханшайымы мен Кир патшасының арасындағы байланыс, қақтығыс, қақтығыстың шешілуі жаңа цирктік нөмірлер арқылы көрерменге жол табады.

Бұдан бөлек, Шәмші Қалдаяқов атындағы облыстық филармония ұжымы Сүгір атындағы қазақ ұлт - аспаптар оркестрі «Оңтүстіктің 100 күйі» атты өңірден шыққан күйші, композиторлардың туындыларынан концерттік бағдарлама ұсынғалы отыр. Сонымен қатар, қазақ вальсінің королі, ұлы композитор Шәмші Қалдаяқов пен Сейдолла Бәйтерековтің әндерінен концерттік кеш ұйымдастыру жоспарлануда.