Оңтүстіктің бірқатар аудандарында жастар форумы өтті

None
АСТАНА. 18 сәуір. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысының Сайрам, Мақтаарал, Созақ аудандарында «Қазақстанның 2050 Стратегиясы-жастар болашағы» деген тақырыпта жастар форумы өтті. Форум Ұлт көшбасшысының 2050 жылға дейінгі мемлекетіміздің алға қойған мақсаттары мен міндеттерінің аясында жастарды бір мақсатқа жұмылдыру, еліміздің негізгі дамуын айқындайтын стратегияны кең көлемде насихаттау мақсатында ұйымдастырылды. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметінен хабарланды.

Аудандық форумдарға индустрияландыру аясында ашылған өндіріс пен кәсіпорынның жұмысшы жастары, жас кәсіпкерлер, «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында ауылда халыққа қызмет етуші дәрігер, мұғалім, ветеринар, спорт саласы мен мәдениет саласындағы 10 мыңға жуық жастар қатысты.

«Біріншіден, облысымыздың барлық аудандарында осындай форумдар сәуір айы бойы өтіп жатыр. Ертең Төле би ауданында өтеді. 23 сәуірде облыс орталығы Шымкент қаласында облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің қатысуымен қорытынды форум өткізбекшіміз. Екіншіден, мұндай форумдар жастарды бүгінде атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырып, олардың еліміздің негізгі стартегиясы жөнінде ойларын, пікірлерін білу. Елбасымыз инновациялық даму бағытында алдымызға үлкен мақсаттар қойып отыр. Оларды іске асыру - жастардың қолында», - дейді Оңтүстік Қазақстан облысы жастар саясаты мәселелері басқармасы бастығының орынбасары Болат Жанәбіл.

Оңтүстік Қазақстан облысы әкімі Асқар Мырзахметовтің идеясымен өтіп жатқан аудандық форумдарға жастармен қатар, мәслихат депутаттары, әкімшілік қызметкерлері мен зиялы қауым өкілдері белсенді қатысуда. 23 сәуірде облыс орталығында өтетін қорытынды жастар форумына 2 мыңға жуық жастар қатыспақ.