Оңтүстіктің жасөспірімдері гір тасын көтеруден жарысты

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысының Созақ ауданында гір тасын көтеруден жарыс өтті. Тартысты өткен сайыс Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне орай ұйымдастырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Созақ аудандық соты ұйымдастырған сайысқа 5 салмақ дәрежесі бойынша 98  жасөспірім қатысты. Жарыстың ашылу салтанатында Созақ аудандық сотының төрағасы Нұрқазы Шетенов пен аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Мерей Ниязәліұлы сөз сөйлеп,  Елбасымыздың қазақ елі үшін сіңірген ерен еңбегін ерекше атап өтті. Сондай-ақ бағын  сынап келген спортшыларға сәттілік тіледі.

Жалпы, гір тасын көтеру спорты аталған ауданда тұрақты жолға қойылған. Аудан жастарының спорттың бұл түрінен жеткен жетістіктері де аз емес. Әділ төрешілер қатарында Әлем чемпионы Қобыланды Орынбасаров, гір спортының жаттықтырушысы Мұрат Серікбаевтар болды. Оқушылар салауатты өмір салтын қалыптастыруға арналған игі жарыста барын салды. Жарыс соңында  жүлделі орын алғандарға медальдар, мақтау қағаздары мен  ақшалай сыйлықтар тапсырылды.