Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының ОҚО бойынша өкілдігі ұйытқы болған шараға 6 мен 20 жас аралығындағы 170-ке тарта үміткер қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.
Өңірдегі медреселер мен мешіттерде діни дәріс алып жүрген шәкірттер киелі кітап сүрелерін жатқа, мазмұнын бұзбай айтуға тырысты. Азанды нақышына келтіріп шақырып, құранның бес парасын талапқа сай оқып беруден жарысты.
Әділ қазылар жарысқа қатысушылардың Құранды жатқа айтуын, оқу ырғағын, көркем оқу қабілетін бағалады. Сондай-ақ олардан оқыған аяттарының мағынасы сұралды.
«Құран - Алланың сөзі. Ал, оны жаттап өскен жастың жаман әдеттен аулақ болатыны анық. Шүкіршілік, қазір дәл осы іске амал етушілердің қатары көбейіп келеді. Бұл игі шара соның бірден-бір айғағы. Бүгінгідей сайыстар өскелең ұрпақтың Құран оқуға деген құлшынысын арттырады. Сондықтан, бұл дәстүр алдағы уақытта өз жалғасын таппақ»,-деді өңірдің бас имамы Ахметжан қажы Керімбек.
Жарыс қорытындысымен жүлделі орын алғандар марапатталып, жеңімпаздарға арнайы сыйлықтар табыс етілді.