Жаңалық Zoosystematics and Evolution журналында жарияланды. Зерттеу Оңтүстік Қытайдағы Хуапин ұлттық табиғи қорығы аумағындағы биоалуантүрлілікті зерттеу аясында жүргізілген. Жобаға Гуанси табиғат тарихы музейі ғалымдары да қатысқан.
Ұзындығы 20 сантиметрден сәл асатын жыланның денесі жіңішке әрі қоңырқай түсті. Ғалымдардың айтуынша, оның арқасында жеті үзік қара жолақ бар, ал қабыршақтарының шеттеріндегі қара пигмент тор тәрізді ерекше өрнек қалыптастырады.
Бұл жылан негізінен түнгі уақытта және жер астына жақын ортада тіршілік етеді. Ол көбіне жапырақтардың арасында, шіріген топырақта және жартас саңылауларында жасырынып жүреді. Зерттеушілер оны теңіз деңгейінен шамамен 760 метр биіктіктегі жалпақ жапырақты ормандардан тапқан. Жылан жауынқұрттарымен және жұмсақ денелі жәндік дернәсілдерімен қоректенеді.
Мамандар бұл жыланды улы емес, жуас әрі адамға қауіпсіз деп сипаттады. Оның ең ерекше қорғаныс тәсілі — қауіп төнген кезде денесін сегіз санының пішініне келтіріп бүгіп, доғал құйрығын басына ұқсатып көрсетуі. Осы қасиетіне байланысты ол «екі басты жылан» деген бейресми атауға ие болған.
Бұл — Хуапин ұлттық табиғи қорығы аумағында биыл анықталған екінші маңызды жаңалық. Бұған дейін 2026 жылдың басында мұнда Leptobrachella cathaya деп аталатын жаңа бақа түрі табылған еді.
Ғалымдардың пікірінше, мұндай жаңалықтар қорықтың биоалуантүрлілікті сақтаудағы маңызды рөлін көрсетеді. Сондай-ақ Гуансидің солтүстігіндегі ежелгі ормандар сирек кездесетін түрлердің әлемдік «генетикалық қоры» ретінде маңызын арттырып отыр.
Қазақстанда Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық жоғары колледжінің 4-курс студенті Нұрсұлтан Икрамов үш жылдан бері үйінде жылан асырайды. Ол Kazinform тілшісіне бала күнгі арманына қалай қол жеткізгенін, жылан асыраудың қиындығын айтып берді.