Оңтүстік Корея АҚШ-ты маңызды минералмен қамтамасыз етеді

Фото: drag-radiodetali.com

АСТАНА.KAZINFORM - Оңтүстік Корея тауларындағы Сангдонг кеніші - әлемдегі ең ірі вольфрам кен орындарының бірі, ол АҚШ-қа қорғаныс қажеттіліктері үшін ауадай қажет, деп хабарлайды CBS News.

Almonty Industries тау-кен компаниясы 30 жылдан астам уақыт бұрын жабылған кеніш жұмысын қайта жандандырды.

Almonty Industries компаниясының бас директоры Льюис Блэк Оңтүстік Корея «АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздігі үшін қажетті» вольфрамға сұранысты қанағаттандыра алады деп санайды.

Блэктің айтуынша, жаңа жылдан кейін кеніш толық қуатына жеткесін жылына 1,2 миллион тонна вольфрам өндіреді, бұл АҚШ-ты алдағы он жылға жететін вольфрам жеткізілімімен қамтамасыз етеді.

Вольфрам «әскери металл» деп аталады, себебі ол өте жоғары температураға төтеп бере алады. Ол танктер, жойғыш ұшақтар, сауыт тесетін оқ-дәрілер, бункерді жаратын бомбалар және жасанды интеллектпен жұмыс істейтін зымырандарды басқару жүйелерін өндіруде қолданылады.

Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп Аляскада мыс пен мырыш өндірісін арттыруды мақұлдағаны хабарланған болатын.