Оңтүстік Корея экспортында ЖИ саласындағы сауданың арқасында рекорд орнады

Фото: agenzianova.com

АСТАНА. KAZINFORM — Дүйсенбі күні жарияланған Оңтүстік Кореяның үкіметтік деректері бойынша, жасанды интеллект саласындағы шарықтауға байланысты микросхемалар өндірісінде «суперцикл» басталған. Осылайша, жартылай өткізгіштерді ірі көлемде сатудың нәтижесінде елдің экспорты үшінші тоқсанда рекордтық деңгейге жетті, деп жазды Yonhap.

Деректер және статистика министрлігінің мәліметінше, шілде мен қыркүйек аралығында экспорт көлемі 185 млрд АҚШ долларын құрап, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 6,5%-ға артқан. Бұл министрлік 2010 жылдан бері деректер жинай бастаған уақыттан бергі ең жоғары тоқсандық көрсеткіш.

Бұл өсім сондай-ақ жылдық есеп бойынша қатарынан екінші тоқсанда экспорттың өсіп жатқанын көрсетеді. Екінші тоқсанда өсім 2,1 пайызды құраған еді.

«Оңтүстік Корея мен АҚШ арасындағы тарифтер бойынша келіссөздердегі шешілмеген мәселелер үшінші тоқсанда экспортқа қысым жасауы күтілгенімен, жартылай өткізгіштердің көп көлемде жеткізілуі экспорттың жалпы өсіміне әкелді», деп хабарлады министрлік өкілі.

Қазан айының соңында Сеул мен Вашингтон Оңтүстік Кореяның 350 млрд доллар мөлшеріндегі уәдесіне қатысты егжей-тегжейлі көптен күткен келісімді аяқтады. Бұл уәде АҚШ-тың баж салығын төмендету бойынша Оңтүстік Корея президенті Ли Чжэ Мён мен АҚШ президенті Дональд Трамптың арасындағы жоғары деңгейдегі келіссөздер барысында берілген.

Еске сала кетейік, АҚШ пен Оңтүстік Корея арасындағы сауда келісімі жасалмауы мүмкін екенін хабарлағанбыз.

Ал оған дейін сауда тарифін төмендету үшін Оңтүстік Корея АҚШ-қа 350 млрд доллар төлейтіні айтылған.