Бұл шара емтиханда әсіресе жасанды интеллекттен көшіруге қарсы күресуге бағытталып отыр.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес және азаматтық құқықтарды қорғау жөніндегі комиссияның (ACRC) мәліметтері бойынша, емтиханда көшіргендерді анықтауға себеп болатын әр хабар үшін 100 миллион вон сыйақы қарастырылған. Бір ақпарат берушіге жалпы 500 миллион вонға дейін сыйақы беріледі.
Ереже бұзғанын өз еркімен мойындап, сыбайластары туралы хабарлағандар да толық сыйақы алмақ. Әрі оларға қолданылатын жаза да жеңілдетіледі.
— Бұл шара қоғамды алаяқтық жағдайлары туралы хабарлауға шақыру арқылы колледжге қабылдау емтиханының (CSAT) әділдігі мен тұтастығын қамтамасыз етуге бағытталған, — делінген комиссия мәлімдемесінде.
Екі айлық науқан аясында заң бұзушылықтар туралы хабарлау 19 қаңтарға дейін жалғасады.
Өткен аптада билік органдары көшіргендер емтиханнан 10 жылға шеттетілетінін хабарлаған.
CSAT — Оңтүстік Корея университеттеріне оқуға түсу үшін тапсырылатын бірыңғай мемлекеттік емтихан. Биыл ол 19 қарашада өтті, оған шамамен жарты миллион адам қатысты.
Емтиханға аз уақыт қалғанда бір студент жасырын камера мен ЖИ-дің арқасында басқа бухгалтерлік емтиханнан ең жоғары балл жинағанын айтып мақтанған.
Осыдан кейін Оңтүстік Корея билігі шұғыл түрде көшірудің алдын алу шараларын күшейтті. Қатысушылардың смартфондары, көзілдіріктері тексерілді, Wi-Fi өшірілді, тіпті түймелері де скотчпен бекітілді.
Кейбір шектеулер емтиханға бір-екі күн қалғанда енгізілді, бұл халықтың наразылығын тудырған.
Бұған дейін Оңтүстік Кореяның білім министрлігі биылғы емтиханда 111 түлек электрондық құрылғыларды пайдаланды деген күдікке ілінгенін хабарлаған болатын.