Оңтүстік Корея қарулы күштерінің саны алты жылда 110 мыңға азайды
АСТАНА. KAZINFORM — Оңтүстік Кореяның қарулы күштерінің тұрақты құрамы шамамен 450 мың адамға дейін қысқарды. Бұл алты жыл бұрынғыдан 110 мыңға аз, деп хабарлайды The Korea Times.
Қорғаныс министрлігі мен Қарулы күштер кадрлық басқармасынан алынған деректерге сүйенсек, қысқарту аясында 17 дивизия мен басқа да ірі бөлімшелер таратылған немесе біріктірілген.
Статистикаға сәйкес, 2019 жылы 563 мың болған әскер саны 2025 жылдың шілдесіне қарай қазіргі деңгейге дейін төмендеген. Осы кезеңде 100 мыңнан астам әскери қызметкер азайған.
Ведомство өкілдері әскерге шақырылушылар санының қысқаруына елдегі рекордтық төмен туу деңгейі басты себеп екенін айтады. Бұл үрдіс алдағы жылдары да күшейе түседі деп болжанып отыр. Әскер санын реттегеннің өзінде, демографиялық жағдай ұзақ мерзімді перспективада жауынгерлік дайындықты сақтауға қиындық туғызатыны мойындалды.
Санның азаюын баяулату үшін Қорғаныс министрлігі әйелдерді әскерге көбірек тарту, қысқа мерзімді қызмет үшін бонустар беру, сондай-ақ ерлердің бейбіт көмекші қызметтерге жіберілуін азайту сияқты шараларды қарастырып жатыр. Дегенмен, кейбір белсенділер бұл қадамдар құрылымдық тапшылықтың орнын толтыруға жеткіліксіз деп санайды.
Бұған дейін Korean Peninsula Population Institute for Future дерегіне сүйеніп, егер елдегі демографиялық құлдырау өзгеріссіз жалғасса, 2125 жылға қарай Оңтүстік Корея халқы қазіргі деңгейдің 15%-ына дейін азаюы мүмкін екені хабарланған еді.
Айта кетелік Оңтүстік Кореяда су тасқынынан қаза тапқандар саны 18 адамға жеткен еді.