Оңтүстік Корея Ормуз бұғазына әскер жібермек

АСТАНА. KAZINFORM — Стратегиялық маңызы бар бұғаздағы кеме жолдарының қауіпсіздігі мәселесі халықаралық деңгейде талқыланып жатыр, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Таяу Шығыстағы меншікті тілшісі.

Фото: Оңтүстік Корея Қорғаныс министрлігі

Оңтүстік Корея билігі жұма күні Ормуз бұғазында кемелердің еркін қатынауын қамтамасыз ету үшін әскери шара қарастырып отырғанын растады. Дегенмен әскер жіберу туралы шешім әлі қабылданған жоқ, деп хабарлайды Reuters.

— Оңтүстік Корея егер өзінің қорғаныс қабілетіне нұқсан келмесе, бұғаздағы еркін кеме қатынасын қамтамасыз ету жөніндегі жаһандық әрекеттерге әскери көмек көрсетуі мүмкін, — деп мәлімдеді Yonhap агенттігіне берген сұхбатында ел президенті әкімшілігінің өкілі.

Бұрын Оңтүстік Корея БАҚ-тары Сеулдің 2026 жылдың аяғына дейін Таяу Шығысқа әскери күш жіберуге дайындықты бастап кеткенін, парламенттің рұқсатын алу үшін қыркүйек айында жүгінетінін жазған болатын. Ал президент әкімшілігі әскер жіберу туралы шешім қабылданғаны жайлы ақпараттар «шындыққа жанаспайтынын» мәлімдеген.

Бірнеше нұсқаның ішінде P-8 Poseidon теңізді патрульдеуші ұшағы, тылды қамтамасыз ету кемелері, миналарды табу және залалсыздандыру бөлімшелерін жіберу қарастырылған.

— Әлі ешқандай шешім қабылданған жоқ, — деген президент әкімшілігінің өкілі, ішкі құқықтық процедураларды және Корей түбегіндегі әскери дайындықты да ескеру қажеттігін атап өтті.

Кореяда шетелге әскер жіберу мәселесін алдымен Ұлттық қауіпсіздік кеңесі қарап, оны Оңтүстік Корея үкіметі мен Ұлттық жиналысы (парламенті) мақұлдауы керек.

Сеул АҚШ, Ұлыбритания және Франциямен кеме қатынасы қауіпсіздігіне үлес қосу мүмкіндігін талқылап жатыр. Президент Ли Чжэ Мён келесі аптада Франция президенті Эммануэль Макронмен кездесуде бұл мәселені көтеруі мүмкін.

Бұған дейін Оңтүстік Корея үкіметі Иран-АҚШ соғысы аяқталғаннан кейін ғана бұғазға әскер орналастыруды жоспарлап отырғанын мәлімдеген болатын.

2025 жылы Оңтүстік Кореяның шикі мұнай импортының 61%-ы және мұнай-химия импортының 54%-ы Ормуз бұғазы арқылы өтті.

Талқылаулар АҚШ президенті Дональд Трамптың қысымы аясында өтіп жатыр. Тамыз айында ол АҚШ-Оңтүстік Корея бірлескен жаттығуларының қысқартылуының бір себебі ретінде Сеулдің Иранға қарсы соғыста Вашингтонды қолдаудан бас тартуы екенін атап көрсеткен.

Бұған дейін АҚШ президенті Ормуз бұғазын «Трамп бұғазы» деп қайта атауды ұсынғанын хабарлаған едік.

 

Нұрлан Тұяқов