Оңтүстік Корея президенті КХДР-ға Корей соғысын ресми түрде аяқтауды ұсынды

АСТАНА. KAZINFORM — Оңтүстік Корея президенті Ли Чжэ Мён КХДР-мен Корей соғысын ресми түрде аяқтау жөнінде келіссөздер бастауға және Солтүстік Кореяның ядролық бағдарламасының дамуын тежеу шараларын талқылауға үндеді. Бұл туралы Kazinform агенттігі Yonhap-қа сілтеме жасап хабарлады.

Фото: Yonhap

Оңтүстік Корея көшбасшысы бұл ұсынысын 15 тамызда Кореяның жапон отарлық билігінен азат етілгенінің 81 жылдығына арналған салтанатты шарада айтты.

— Бір-бірімізге қауіп төндіру ниетінен бас тартып, соғысқа тікелей қатысқан тараптар ретінде ұзаққа созылған соғысты тоқтату мәселесін талқылауды бастайық. (…) Осы үдеріс барысында Солтүстіктің ядролық әлеуетін дамытуын тоқтатудың тиімді жолдарын да талқылай аламыз, — деді Ли Чжэ Мён.

Агенттіктің хабарлауынша, Оңтүстік және Солтүстік Корея әлі де ресми түрде соғыс жағдайында. Себебі 1950-1953 жылдардағы Корей соғысы бейбіт келісіммен емес, бітім туралы келісімге қол қоюмен аяқталған.

Оңтүстік Корея президенті қазіргі бітім жүйесін Корей түбегіндегі толыққанды бейбітшілік режимімен алмастыруға күш салатынын мәлімдеді.

Ли Чжэ Мён екі тарапты текетірестен бас тартуға үндеді.

— Оңтүстік және Солтүстік Корея бейбіт қатар өмір сүру және өзара даму үшін келіссөздер үстеліне отырады деп үміттенемін, — деді ол.

Сонымен қатар Пхеньян Сеулдің диалогты қайта бастау жөніндегі бұған дейінгі әрекеттеріне әзірге жауап берген жоқ, деп атап өтті агенттік. Ли Чжэ Мён әкімшілігі КХДР-мен келіссөздер жүргізуге ұмтылысын жалғастыратынын мәлімдеді.

Сондай-ақ Оңтүстік Корея президенті түбектегі шиеленісті бақылауға және дағдарыстардың алдын алуға мүмкіндік беретін «көпдеңгейлі қауіпсіздік жүйесін» құруды қолдады. Оның айтуынша, Корей түбегіндегі бейбітшілік бүкіл Солтүстік-Шығыс Азиядағы тұрақтылық пен ынтымақтастыққа ықпал етуі мүмкін.

Еске салайық, бұған дейін Оңтүстік Корея Президенті Ли Чжэ Мён Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа және Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитетіне қылмыстық топ мүшелерін ұстау және оларды отанына жедел қайтару ісіндегі ынтымақтастық үшін алғыс білдіргенін жазғанбыз.