Оңтүстік Корея президенті мемлекеттік сапармен Өзбекстанға барады

ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Оңтүстік Корея президенті Юн Сок Ёль 13-15 маусымда Өзбекстанға мемлекеттік сапармен келеді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Ташкенттегі меншікті тілшісі Әлихан Асқар.

Фото: Өзбекстан президентінің баспасөз қызметі

Кореяның Yonhap агенттігінен мәлім еткендей, Юн Сок Ёль Ташкентте Өзбекстан басшысы Шавкат Мирзиёевпен кездесу өткізбек. Оның қорытындысы бойынша бірлескен құжатқа қол қою жоспарланған.

Кейін екі ел басшылары өзбек-корей бизнес форумына қатысады, сондай-ақ былтыр Корея халықаралық ынтымақтастық агенттігінің (KOICA) қолдауымен ашылған u-Enter инновациялық кәсіпкерлік орталығының жұмысымен танысады.

Бұған қоса, Оңтүстік Корея мен Өзбекстан арасындағы маңызды шикізатты жеткізу жөніндегі ынтымақтастық мәселелері талқыланбақ.

Сапар соңында Юн Сок Ёль жұбайы Ким Кон Химен бірге Самарқанд қаласына барады.

Еске салсақ, Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен 11-13 маусым күндері Корея президенті Юн Сок Ёль Қазақстанға мемлекеттік сапармен келеді.