Оңтүстік Корея президенті Пхеньянмен қарым-қатынасты қалпына келтіруге ниетті
АСТАНА. KAZINFORM — Оңтүстік Корея президенті Ли Чжэ Мён Пхеньянмен бұзылған қарым-қатынастты қалпына келтіру қажеттігін тағы да көтерді, деп жазды Анадолы.
Yonhap агенттігінің хабарлауынша, Ли президенттік қызметіне кіріскеннен кейін алғаш рет Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің отырысын басқарды.
Отырыс барысында ол Солтүстік Кореямен байланыстарды қалпына келтіру жөніндегі өз үндеуін қайталап:
— Корейаралық бейбітшілік — бұл ұлттық қауіпсіздігімізді қамтамасыз етудің ең шынайы әрі прагматикалық жолы, — деді.
Президент сондай-ақ жаһандық тәртіптің өзгеруі, Оңтүстік Кореядағы саяси ахуал және Солтүстік Кореямен байланысты факторлар сынды мәселелерді кең ауқымда талқылау қажеттігін атап өтті. Оның айтуынша, бұл елдің ұлттық қауіпсіздігіне төнетін қауіп-қатерлердің алдын алуға септігін тигізеді.
Ли Чжэ Мён қызметіне кіріскеннен кейін Корей түбегінде бейбітшілік пен қатар өмір сүруді қамтамасыз ету үшін Солтүстікпен диалог орнатуға ұмтылатынын айтты. Ол Солтүстік Кореямен «тұрақты және ұзақ мерзімді қарым-қатынастар» орнату қажеттігін ерекше атап өтті.
Еске сала кетейік, бұған дейін Оңтүстік Кореяның бұрынғы президенті қайтадан қамауға алынғанын жазған едік.