Оңтүстік Корея президенті туу көрсеткішін арттырудың тиімді тәсілін ұсынды

Фото: Yonhap

АСТАНА. KAZINFORM – Ли Чжэ Мён жұмыс пен жеке өмір арасындағы тұрақты теңгерімге батыл саяси бетбұрыс қажет екенін айтты, деп хабарлайды Kazinform Bild басылымына сілтеме жасап.

Оңтүстік Корея президенті бұл мәселеге қатысты «Жастардың мансап пен отбасын біріктіруіне кедергі болатын ұзақ жұмыс уақыты» деген зерттеуді мысалға келтірді.

Онда оңтүстіккореялықтар жылына орта есеппен 1 874 сағат жұмыс істейтіні көрсетілген. Бұл – Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымындағы орташа көрсеткіштен 130 сағатқа көп. 

Осыған байланысты бұл елде 2030 жылға қарай жұмыс уақытын аптасына 40 сағаттан 36 сағатқа дейін қысқартып, келешекте 4 күндік жұмыс аптасын енгізу жоспарланып отыр. Дегенмен жалақы өзгеріссіз қалады.

Қазіргі кезде Оңтүстік Корея үкіметі реформалар жоспары мен компанияларды субсидиялау жүйесін әзірлеу үшін жұмыс тобын құрып жатыр. 

Кәсіподақтар бұл бастаманы қолдап, оны «демографиялық дағдарысты шешудің бірден-бір кілті» деп атады. Бизнес экономика үшін тәуекелдер туралы ескертеді. Атап айтқанда, Корея банкі ЖІӨ өсу болжамын 1998 жылғы Азия дағдарысынан кейінгі ең төменгі көрсеткішке дейін 0,8%-ға дейін төмендетті. 

Айта кетейік, Оңтүстік Корея туу көрсеткіші бойынша дүние жүзінде ең төменгі орында тұр. Бұл елде бір әйелге орта есеппен небәрі 0,75 баладан келеді. 

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Оңтүстік Кореяда отбасын құру көрсеткіші екі жыл қатарынан өсіп келеді.