Оңтүстік Корея телеарнасында Алматыда түсірілген телешоу көрсетіледі
АЛМАТЫ. KAZINFORM – 1 ақпанда Оңтүстік Кореядағы ірі телеарналардың бірі – SBS арнасында Алматыда түсірілген телешоудың арнайы шығарылымы көрерменге жол тартады.
Бағдарлама Сеул уақытымен 21:00-де (Алматы уақытымен 17:00) эфирге шығады. Алматы әкімдігі аталған жоба корей телевидениесіндегі ең жоғары рейтингіге ие бағдарламалардың қатарында екенін атап өтті. Түсірілім Көктөбе, Шымбұлақ, Көк базар және Көлсай көлдерінде болған.
– Эфир алдында SBS арнасы жаңа шығарылымның тизерін жариялады. Онда танымал корей актерлерінің Алматының мәдениетімен, көркем табиғатымен және туристік әлеуетімен танысқаны бейнеленген. Шоу қатысушылары ұлттық тағамдардан ауыз тиіп, дәстүрлі киім киіп көріп, түрлі аттракциондарға мініп, садақ атып, қаланың қысқы келбетімен және Іле Алатауының әсем көріністерін тамашалайды, - деп хабарлады әкімдіктен.
Еске салайық, бұған дейін Испанияның танымал телешоуы Алматы туралы тележоба жасады.