Оңтүстік Корея Жапон теңізінде ғылыми-зерттеу станциясын салды

АСТАНА. KAZINFORM – Оңтүстік Корея Жапон теңізінде ғылыми-зерттеу нысанының құрылысын аяқтады, деп хабарлайды Yonhap агенттігі.

Фото: Yonhap

Кореяның теңіз ғылымы мен технологиялары институтының (KIOST) мәліметінше, «Вандолчхо» станциясы Хупо портты қаласынан шығысқа қарай шамамен 25 шақырым жерде орналасқан.

Ол елдегі төртінші теңіз бақылау нысанына айналды. Сонымен қатар мұндай нысан алғаш рет тікелей Жапон теңізінде салынды.

Нысанның биіктігі 53 метрді құрайды. Құрылыс құны шамамен 24 миллиард вонға (15,8 миллион АҚШ доллары) бағаланған.

Станция теңіз деректері мен метеорологиялық жағдайды нақты уақыт режимінде бақылауға арналған.

Еске сала кетсек, бұған дейін Қытай теңіз суынан уран мен сирек минералдар өндіруді жоспарлап отырғанын жаздық.